ММА боксшысы Ыстықкөлде мектеп оқушыларын құтқарамын деп қаза тапты
Қырғызстанның Ыстықкөл көлінде қайғылы оқиға орын алды. Аралас жекпе-жек (MMA) спортшысы Медет Жээналиев екі мектеп оқушысын құтқарамын деп қаза тапты, деп хабарлайды Ait Media. Бұл туралы News.kg редакциясына куәгерлер хабарлаған.
Олардың айтуынша, Медет достарымен бірге көл жағасына демалуға келген. Сол күні түстен кейін жағажайлардың бірінде қатты толқын кезінде екі мектеп оқушысы суға бата бастаған. Мұны байқаған Медет пен оның екі досы бірден суға секіріп, балаларды құтқаруға кіріскен.
Нәтижесінде қыздарды жағаға шығарып үлгерген. Достары аман-есен судан шыққанымефн, Медет Жээналиев су астында қалып қойған. Кейін құтқарушылар оның денесін тауып алған. Қазіргі таңда марқұмның денесі жерлеу үшін Нарын қаласына жеткізілген.
Марқұмның туыстары оның ерлік әрекетін жұртқа жеткізуді және демалыс кезінде, әсіресе желді ауа райы мен қатты толқын кезінде судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақыруды мақсат етіп отыр.
Қазіргі уақытта Ыстықкөл жағажайлары құқық қорғау органдарының күшейтілген бақылауына алынған.