Меруерт Түсіпбаева атыраулық блогердің үстінен "семіз" болғаны үшін арыз жазған
Атырау қаласының тұрғыны, кәсіпкер әрі блогер Заида Threads әлеуметтік желісінде Қазақстанның халық әртісі Меруерт Түсіпбаева өзіне қатысты полицияға арыз жазғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ait Media.
Блогердің айтуынша, жанжал оның видеосының астында жазылған пікірден басталған. Заида өнер иесінің өз парақшасында оның сырт келбетіне қатысты пікір қалдырғанын айтты.
«Маған Қазақстанның халық әртісі Меруерт Түсіпбаева арыз жазды. Себебі - семіз екенмін. Солай, достар», — деп жазды блогер.

View on Threads
Оның сөзінше, ол бұл пікірді жауапсыз қалдырмаған және жауап берген. Кейіннен осы жағдай әлеуметтік желіде дау тудырған.
«Ол менің үндемей қалатыныма сенген сияқты, бірақ мен жауап бердім. Менің жауабым оған ұнамады», — дейді Заида.
Блогердің айтуынша, кейін Меруерт Түсіпбаева тағы бір жазба жариялаған. Ол жазбада әртіс салмағы нормаға сай келмейтін адамдарды сынға алған. Онда артық салмаққа қатысты пікірлер айтылып, оның ауру емес екені туралы көзқарастар болған.
Көп ұзамай Заидаға Алматы қаласының полициясынан қоңырау түскен. Онда әнші тарапынан арыз түскені хабарланған.
Заида өз жазбасында денсаулығына қатысты да түсінік берді. Оның айтуынша, балалық шағында ауыр ем қабылдаған, соның салдарынан салмақ мәселесі пайда болған.
«9 бен 16 жас аралығында мені гормондық дәрілермен емдеді. Соның ішінде преднизолон сияқты күшті препараттар болды. Соның салдарынан артық салмақ пайда болды, онымен өмір бойы күресіп келемін», — деді ол.
Блогер бұл тақырыптың көптеген адамдар үшін сезімтал екенін атап өтті:
«Артық салмақпен өмір сүретін адамдардың көпшілігі үнемі диета ұстайды, спортпен айналысады. Бұл оңай нәрсе емес», — дейді ол.
Сонымен қатар ол әлеуметтік желі қолданушыларына үндеу жасады:
«Біреуге “арықта” немесе “семіз” деу — қалыпты нәрсе емес. Біз өзімізді айнадан көреміз, бәрін білеміз», — деп жазды блогер.
Заида кез келген адамның дене бітіміне қатысты орынсыз пікір жазу дұрыс емес екенін айтып, жеке шекараны сақтауға шақырды. Оның айтуынша, сыртқы келбетке қатысты айтылған сын кейде адамның психологиялық жағдайына да әсер етеді.
Әлеуметтік желідегі пікірлер екіге бөлінді. Бір топ қолданушылар блогерді қолдап, сырт келбетке қатысты қорлау дұрыс емес екенін айтып: «Біреудің салмағын талқылау — төмен деңгей», «Дене бітімі үшін адамды мазақ ету қалыпты нәрсе емес», «Бұл үшін заң жүзінде жауап беру керек» деп жазды. Сондай-ақ кейбірі: «Әйелдердің салмағы әртүрлі себептермен өзгереді, оны түсіну керек» деп пікір білдірді. Ал екінші тарап болса, жағдайды сынға алып: «Әлеуметтік желіде әр сөзге абай болу керек», «Танымал адамдар эмоциямен емес, сабырмен жауап беруі тиіс», «Мұндай даулардың сотқа дейін баруы артық» деген ойларын қалдырды.
Аталған жағдайға қатысты Меруерт Түсіпбаева тарапынан ресми түсініктеме берілгені туралы ақпарат әзірге жоқ.