Мектеп автобусы қатысқан жол апатынан зардап шеккендер жайлы БҚО дәрігерлері ақпарат берді
Mgorod.kz мәліметіне сәйкес, 31 наурыз күні сағат шамамен 14:00-де Теректінің Подстепное ауылы маңында жол апаты болды, деп хабарлайды Ait Media.
Жолаушылар автобусы мектеп автобусының артына соғылып, соққы әсерінен мектеп автобусы алдындағы Ford Galaxy маркалы көлікпен соқтығысты. Маршрут автобусының жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына орналастырылды. Жол апаты фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
3 сәуірде Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы жол апатында барлығы 30 адамның зардап шеккенін, олардың ішінде 7-еуі ересек және 23-і бала екенін растады.
– Қазір балалар ауруханасының травматология бөлімінде 4 бала «жабық бас ми жарақаты» диагнозымен жатыр. Қалған 19 бала мен 7 ересек толық тексеруден (рентген, УДЗ, КТ, зертханалық зерттеулер) және профильді мамандардың қарауынан кейін амбулаторлық емдеуге жіберілді, – деді басқармада.
Ауруханада жатқан балалардың жағдайы орташа ауырлықта бағаланады.