Марқұм кәсіпкердің қызы үн қатты: Sulpak негізін қалаушы отбасының ісі қайта өршіді
Sulpak компаниясының негізін қалаушы Андрей Пактың қызы бизнеске қатысты дауға байланысты Қазақстан Президентіне дейін жүгінетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды Ait Media.
Оның айтуынша, ол бұл мәселе бойынша үнсіз қалмайтынын ашық жеткізген:
«Мен бұдан былай үндемеймін. Мен президентке жазамын, Алмаз Сұлтанғазин хабарласып, әкемнің Sulpak-тағы үлесін өзіне қалай аударғанын түсіндірмейінше, қолымнан келгеннің бәрін істеймін.», — деді ол.
Ол сондай-ақ әкесіне қатысты жағдайға тоқталып, оның бизнес үлесінен айырылғанын алға тартты:
«Әкем компанияның барлық қарызы өзіне жүктелгендіктен елге кіре алмаса, Сұлтанғазин Forbes журналының Қазақстанның ең бай адамдарының тізіміне енді», — деп айтты марқұм кәсіпкердің қызы.
Оның айтуынша, компанияның негізі 1992 жылы әкесі тарапынан қаланған:
«Әкем Sulpak-ты 1992 жылы мен 6 жасымда асүй үстелінде бастаған», — деді ол.
Сондай-ақ ол әкесі өз үлесін сатқан деген ақпаратты жоққа шығарды:
«Бұқаралық ақпарат құралдары оның үлесін сатты деп хабарлайды, бірақ бұл өтірік», — деп мәлімдеді.
Қыздың айтуынша, әкесі ауыр дертпен күрескен кезде отбасы үнсіз қалған:
«Әкем ауыр дертімен күресіп жатқанда, біз үнсіз қалдық. Бірақ қазір әкем кеткен соң үндемеймін. Ал мен шындықты білгім келеді», — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Sulpak компаниясы негізін қалаушы отбасы бизнес үлесіне қатысты түсініксіз жағдайлар бар екенін айтып, серіктеспен байланыс орнату мүмкін болмай отырғанын хабарлаған еді. Сол кезде олар жағдайды сот тәртібімен қарастыру мүмкіндігін де жоққа шығармаған.
Әлеуметтік желіде қолданушылардың басым бөлігі отбасыны қолдап, «Әділдік орнасын, сізге күш пен сабыр тілейміз», «Әділдік үшін күресіңіз», «Шындықты күтеміз», «Әкесінің үлесін қайтарыңдар» деп жазды. Кейбірі марқұм кәсіпкер туралы «Андрей өте адал, жарық адам еді» деп пікір білдірсе, енді біреулері «Отсыз түтін болмайды», «Неге бұл мәселе әкесі тірі кезінде көтерілмеді?» деп күмән келтірген. Сонымен қатар, «Империя бір күнде құрылмайды, бәрі шағын дүкеннен басталады» деген пікірлер де айтылды.