Қытайдағы дүкенде орыс жігіт пен консультант қазақша сөйлесті
Қытайдағы аяқ киім дүкендерінің бірінде түсірілген видео әлеуметтік желіде кең таралып, қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Ait Media. Кадрда дүкенге кірген ресейлік ер адам кішкентай қызымен бірге сатушы қызбен қазақ тілінде еркін сөйлесіп тұрғаны байқалады.
Желі қолданушылары үшін ең қызығы – Қытайда қазақ тілінің осылай табиғи түрде қолданылуы болды. Сатушының да қазақша жауап беріп, еркін диалог жүргізуі көпшілікті таңғалдырды. Ал шетелдік қонақтың қазақ тілінде сөйлесуі видеоны одан сайын әсерлі еткен.
Видео авторы Русланның айтуынша, ол Қытайда жүріп қазақ тілінде сөйлесу мүмкін болғанына қатты таңданып, ерекше әсер алған.
“Қытайда қазақша өте көп естіледі. Осындай сөйлесіден рахат алдым”, – деп жазды автор.
Желі қолданушылары бұл жағдайға түрлі пікір білдірді. Бірі қазақ тілінде сөйлескен азаматты қолдап, оның тіл білуін жоғары бағаласа, енді бірі қазақ тілінің шетелде де қолданылып жүргеніне назар аударды. Пікірлер арасында “Қытайда қазақша сөйлеп жүрген сіз мықтысыз”, “Сатушы таң қалған шығар” деген мазмұндағы жазбалар да болды. Сондай-ақ кей қолданушылар тілдің Қытай аумағында, әсіресе Шығыс Түркістан өңірінде кеңірек қолданылатынын атап өтті.
View on Threads