Қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитов елге екі медальмен оралды
ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, бүгін, 17 наурыз күні пара биатлоннан Паралимпиада чемпионы және пара шаңғы жарысынан қола жүлдегері Ербол Хамитовты елорда әуежайында салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды Ait Media.
Италияда өткен Паралимпиадада қазақстандық спортшы пара биатлоннан алтын медаль жеңіп алып, сондай-ақ шаңғы жарысынан қола жүлдеге ие болды. Осылайша, ол Қысқы Паралимпиада ойындарының бағдарламасындағы екі бірдей дисциплинада жүлдегер атанған тұңғыш қазақстандық спортшы болды.
Әуежайда спортшыны жанкүйерлері, жақындары мен спорт саласының өкілдері қарсы алды. Ербол Хамитовты Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Ұлттық паралимпиада комитетінің өкілі Бахыт Сапаров арнайы құттықтады. Сондай-ақ, министр бапкерлер құрамының еңбегін де атап өтті.
– Бүгін еліміз үшін қуанышты күн. Тарихымызда алғаш рет Паралимпиада ойындарында пара биатлоннан алтын медаль жеңіп алып, оған қоса бір Паралимпиадада екі бірдей медаль еншіледік. Бұл нәтиже — ерен еңбек пен тыңғылықты дайындықтың, мықты рухтың көрінісі. Осы ойындарға ұлттық құрама 7 спортшымен 2 спорт түрінен қатысып, жалпыкомандалық есепте 18-орынға тұрақтады. Спортшылардың әрқайсысы ел намысын абыроймен қорғады. Біз сіздермен мақтанамыз, — деді ол.
Шара барысында демеушілік танытқан құрылыс компаниясы Ербол Хамитовқа екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.
Спортшы өз сөзінде жанкүйерлеріне алғыс айтып, әрқашан мақсатқа адал болудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жеңіс болашақта бұдан да жоғары нәтижелерге жетуге ынталандырады.
Айта кетейік, Милан–Кортинада өткен қысқы Паралимпиада ойындары 6–15 наурыз аралығында ұйымдастырылды. Жарысқа 55 елден 600-ден астам спортшы қатысып, 79 медаль жиынтығы сарапқа салынды.