Құрылтай депутаты «Яндекс» компаниясына қатысты тексеру жүргізуді ұсынды
Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева «Яндекс» компаниясының кейбір қызметтері істен шыққаннан кейін қазақстандықтардың жеке деректері қай елде сақталып, өңделетінін тексеруді ұсынды. Бұл мәселе депутаттық сауалда көтерілді, деп хабарлайды AIT Media.
Еске салайық, 11 қазанда қазақстандықтар «Яндекс» компаниясының кейбір қызметтерін пайдалана алмады. Компания мұны шетелдік инфрақұрылымдағы ақаумен түсіндірді. Ал Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі пайдаланушылардың деректері сақталатын серверлер Қазақстанда орналасқанын, бірақ кейбір компоненттері шетелде екенін мәлімдеген.
Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, «Яндекс» сияқты сервистер азаматтардың телефон нөмірін, мекенжайын, жүріп-тұру бағытын және төлем деректерін өңдейді. Сондықтан бұл мәліметтердің қай елде сақталып, қалай қорғалатыны анық болуы керек.
Депутат азаматтардың жеке деректерінің ашық жарияланған жағдайларды да атап өтті. Қызылорда облысының Шиелі ауданында жеті білім беру ұйымы 529 қызметкердің жеке мәліметтерін мемлекеттік сатып алу порталында жариялаған. Ал Семейде қызметкерлермен бірге 344 баланың деректері де ашық қолжетімді болған.
«Оларды қорғауға тиіс ұйымдардың өздері ашық жариялаған», – деді депутат.
Осыған байланысты ол деректердің шетелге берілу заңдылығын тексеруді, ұйымдардың жеке мәліметтерді жинау тәртібін бақылауды және деректері заңсыз жарияланған азаматтардың құқықтарын қорғау шараларын күшейтуді ұсынды.