ҚР Үкіметі 2026–2030 жылдарға арналған бокс саласын дамыту тұжырымдамасын бекітті
Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында 2026–2030 жылдарға арналған боксты дамыту тұжырымдамасын бекітті, деп хабарлайды Ait Media. Бұл туралы жазба Қазақстан Республикасы Туризм жəне спорт министрлігінің ресми парақшасында жарияланды.
Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Құжаттың мақсаты – бокспен айналысатындардың санын арттыру, спортшыларды жақсы дайындау және қазақстандық боксшылардың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін көтеру.
Тұжырымдама негізгі 6 бөлімді және саланы дамытудың барлық бағытын қамтиды, оның ішінде 5 басты бағыт бар:
- бокс инфрақұрылымын дамыту;
- бұқаралық спортты кеңейту және спорт резервін қалыптастыру;
- ғылыми-әдістемелік және медициналық сүйемелдеу ісін жетілдіру;
- жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыру;
- халықаралық ынтымақтастық пен кәсіби боксты дамыту.
Бүгінгі таңда Қазақстанда бокспен 153 мыңнан астам адам айналысады, олармен еліміздің барлық 20 өңірінде 2 мыңнан астам жаттықтырушы жұмыс істейді.
Ұлттық құрамада 595 спортшы бар, олар – негізгі, жастар, балалар және жасөспірімдер командалары.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 39 мыңнан астам бала балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде бокспен айналысуда, оларды 1 385 бапкер баулуда.
2030 жылға қарай бокспен айналысатындардың санын арттыру және дайындық жүйесін жетілдіру жоспарланып отыр. Бұл қадам саланы дамытуға жаңа серпін беріп, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға және елдің халықаралық имиджін нығайтуға ықпал етеді.