Қостанай облысында әкім қатысқан жол апаты бойынша тергеу жалғасуда
Ng.kz мәліметіне сәйкес Қостанай облысы Алтынсарин ауданындағы Обаған ауылдық округінің әкімі Самрат Байдаков қатысқан жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу екі айдан бері жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ait Media.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары әкімнің 2026 жылғы 13 қаңтарда жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан кетіп қалғаны үшін ұсталғанын жазған. Оқиға салдарынан жаяу жүргінші Ертай Сәрсенбаев көз жұмған.
Полиция мәліметінше, аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалған.
— Алтынсарин ауданы Обаған ауылында болған жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, бірқатар тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тексеру қорытындысы бойынша заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады, — деп хабарлады Қостанай облысының полиция департаменті.
Қазіргі таңда іс бойынша нақты шешім әлі қабылданбаған, тергеу жалғасып жатыр.