«Киім арқылы мәдениетті насихаттаймыз»: ÖZGE бренді KFW Astana 2026 төрінде
Kazakhstan Fashion Week Astana 2026 аясында отандық дизайнерлер өз топтамаларын таныстырды. Солардың қатарында жас этно-дизайнер Нұрасыл Сейітжан өзінің ÖZGE бренді арқылы ұлттық нақыштағы заманауи киім үлгілерін ұсынды, деп хабарлайды Ait Media.
Дизайнердің топтамасы сән апталығының подиумында ұсынылып, оны белгілі инфлюенсерлер мен медиа тұлғалар таныстырды. Олардың қатарында Дамеля Sweet, Ұлар Аманжол, Жанель Макажан, Разиюша, Анеля Кенжибекова, Айгерім Абдуллаева, Бота Мия, Арайлым Жиенбаева, Асия Тұяқбай, Диас СикстиРичь және Мөлдір Жиенбаева бар.



Дизайнердің айтуынша, бұл топтама шамамен бір ай ішінде дайындалған. Алайда оның идеясы тек сәнмен шектелмейді.
«Біздің киімдер — жай ғана сән үшін емес. Бұл — өз мәдениетімізді танытудың бір жолы. Біз жастарға бағыт беріп, олардың білімді, саналы ұрпақ болып қалыптасуына ықпал еткіміз келеді. Сол себепті топтамада Абайдың қара сөздері секілді рухани құндылықтардан шабыт алдық. Негізгі мақсатымыз — жастардың дамуына, кемелденуіне әсер ету», — деді Нұрасыл Сейітжан.


Сонымен қатар, дизайнер брендтің өзіндік стилі әлі де қалыптасу кезеңінде екенін атап өтті.
«Қазір біз минимализм мен этно стильді үйлестіре отырып, жаңа бағыт қалыптастырып жатырмыз. Мақсатымыз — өзгеше, бірегей стиль жасау», — дейді ол.
Бүгінде брендтің Алматы қаласында өз тігін цехы бар. Барлық өнім сол жерде дайындалады. Аталған көрсетілім барысында дизайнер Нұрасылдың өзі де ÖZGE стилін айқындайтын образда болды: көгілдір аспан түстес этно өрнекпен безендірілген футболка, кеуде тұсында ұлттық ою элементі бар қошқыл көк жилет және дәстүрлі тақия киген.
ÖZGE концепциясы бойынша, киім — тек тренд емес, ол адамның болмысы мен мәдениетін көрсететін құрал. Бренд ұлттық нақышты заманауи стильмен үйлестіріп, күнделікті өмірде де өз тамырын ұмытпауға үндейді.