Қазақстандықтар үшін шетелде дауыс беру басталды
Республикалық референдумда дауыс беру учаскелері әлемнің 30-дан астам елінде өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Ait Media.
Алғашқы болып Жапония мен Оңтүстік Кореядағы учаскелер ашылды. Кейін дауыс беру Қытайда, Сингапурда, Моңғолияда, Малайзияда, Таиландта, Вьетнамда және Индонезияда басталды.
Сонымен қатар, дауыс беру Ресей, Үндістан, Әзербайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстан елдерінде өтуде.
Кейінірек Еуропа елдеріндегі учаскелер де дауыс беруге қосылады деп күтілуде.
Айта кетейік, референдум уақытында Қазақстан аумағынан тыс 54 мемлекетте 71 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады.
Еске салсақ, бүгін Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум өтуде. Әрбір 18 жасқа толған азамат өз таңдауын жасау құқығына ие.