Қазақстанда Жеңіс күніне орай ардагерлерге біржолғы төлем беріледі
Қазақстанда 9 мамыр – Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға біржолғы материалдық көмек көрсетіледі, деп хабарлайды Ait Media. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
Төлем кімдерге беріледі?
Министрліктің хабарлауынша, мұндай көмек жыл сайын жергілікті атқарушы органдардың, яғни әкімдіктердің шешімімен беріледі.
Көмек алушылар қатарына:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
- қоршаудағы Ленинград тұрғындары;
- бұрынғы кәмелетке толмаған концлагерь тұтқындары;
- тыл еңбеккерлері;
- соғыста қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің жесірлері;
- соғыс салдарынан мүгедектік алған азаматтардың қайтыс болған жұбайлары кіреді.
Төлем көлемі өңірге байланысты ма?
Министрлік республика бойынша төлемнің бірыңғай мөлшері белгіленбейтінін атап өтті. Әр өңірде көмек көлемі мен түрі жергілікті бюджет мүмкіндігіне қарай маслихат шешімімен анықталады.
Кей өңірлерде ақшалай төлемнен бөлек:
- санаторийлік ем;
- дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;
- отын;
- азық-түлік себеттері сияқты қосымша көмектер де көрсетіледі.
Қазақстанда қазір қанша ардагер қалды?
2026 жылғы 28 сәуірдегі мәлімет бойынша, Қазақстанда 58 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады. Олардың ең үлкені – 105 жаста, орташа жас – 101.
Сонымен қатар Жеңіске үлес қосқан 33 443 азамат бар. Оның ішінде:
- 31 926 тыл еңбеккері;
- 1 347 қайтыс болған соғыс мүгедектерінің жұбайы;
- 112 бұрынғы концлагерь тұтқыны;
- 57 қоршаудағы Ленинград тұрғыны;
- 1 соғыста қаза тапқан жауынгердің жесірі.
Қаржыны кім береді?
Министрлік мәліметінше, мерекелік төлемдер мен өзге де әлеуметтік көмектер толықтай жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.
Сонымен қатар аталған санаттағы азаматтарға республикалық бюджеттен тұрақты түрде базалық және ынтымақты зейнетақы, арнайы мемлекеттік жәрдемақылар төленеді. 2026 жылы арнайы мемлекеттік жәрдемақы көлемі 16 АЕК немесе 69 200 теңгені құрайды.