Қазақстанда бизнеске қаржыландыруды қайдан алуға болады? Қолдау бағдарламаларына шолу
Қазақстанда өз бизнесін бастау үшін міндетті түрде үлкен капиталдың болуы шарт емес. Соңғы жылдары мемлекет пен түрлі ұйымдар кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған бағдарламаларды іске қосып келеді. Олардың бір бөлігі қайтарымсыз грант ұсынса, енді бірі жеңілдетілген қаржыландыру, инвестиция тарту немесе сарапшылардың қолдауын алуға мүмкіндік береді.
Ait Media редакциясы кәсіп ашқысы келетіндерге арналған негізгі бағдарламаларға шолу жасады.
Astana Hub
Astana Hub – Қазақстандағы ең ірі халықаралық IT-стартаптар технопаркі. Мұнда технологиялық жобаларды дамытуға арналған түрлі бағдарламалар жұмыс істейді. Платформа стартаптарға өнімді жетілдіруге, инвестор табуға және халықаралық нарыққа шығуға көмектеседі.
Негізгі мүмкіндіктер:
- стартаптарға арналған акселерация және инкубация бағдарламалары;
- венчурлық қорлармен және инвесторлармен байланыс орнату;
- менторлық қолдау және өнімді дамыту бағдарламалары;
- онлайн және офлайн питч-сессиялар;
- Seed Money гранттық бағдарламасы (5 000–20 000 АҚШ доллары);
- халықаралық IT-стартаптарға қатысу мүмкіндігі (Қазақстан, ТМД және басқа елдер);
- AI & Digital Bridge форумындағы Astana Hub Battle стартап байқауы.
Сонымен қатар, Astana Hub резиденттері тұрақты түрде өтетін InvestDay кездесулеріне қатысып, өз жобаларын бизнес-ангелдер мен инвесторларға таныстыра алады. Акселерация бағдарламаларынан өткен командаларға сарапшылардың менторлық қолдауы көрсетіліп, инвестиция тартуға дайындалуға мүмкіндік беріледі.
Жыл сайын өтетін халықаралық форум — AI & Digital Bridge 2026 — 1–3 қазан аралығында Астанада өтеді. Форум аясында стартаптар инвесторлармен, технологиялық компаниялармен және сала сарапшыларымен байланыс орната алады.
«Бизнестің жол картасы»
«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында ірі жобаларға 5 млн теңгеге дейін гранттар беріледі.
Бұл бағдарлама жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған. Кәсіпкерлер 2–5 млн теңге көлемінде қаржыландыру ала алады.
Жобалар бірнеше критерий бойынша бағаланады:
-
бизнестің экономикалық тиімділігі;
-
әлеуметтік маңызы;
-
қаржылық модельдің шынайылығы.
Әдетте қатысушыдан толық бизнес-жоспар талап етіледі. Сонымен қатар, жоба құнының шамамен 10%-ын өз қаражаты ретінде қосу керек.
QazInnovations инновациялық гранттары
QazInnovations — Қазақстандағы инновацияларды дамытуға арналған ұлттық агенттік.
Қазақстандық стартаптар осы ұйым арқылы гранттарға қатыса алады. Мысалы, технологияларды коммерцияландыру бағдарламасы аясында өнімді дамыту және нарыққа шығару үшін 20 млн теңгеге дейін қаржы беріледі.
Бұл гранттар негізінен технологиялық жобаларға арналған: IT, ғылым және инженерия салаларындағы стартаптар.
Өтінім беру үшін әдетте мыналар қажет:
-
өнімнің прототипі (MVP);
-
әзірлеушілер тобы;
-
бизнес-модель және коммерцияландыру жоспары.
Business Qoldau инновациялық гранттары
Business Qoldau — кәсіпкерлерге арналған қолдау және гранттық бағдарламалар ұсынатын алаң.
Бағдарлама аясында кәсіпкерлер 2–10 млн теңге аралығында грант ала алады. Қаржы көбіне экономиканың басым салаларындағы жобаларды дамытуға бағытталады. Бағдарламаға қатысу үшін жас шектеулері жоқ.
Конкурс туралы ақпарат пен өтінім қабылдау мерзімдері ресми сайтта жарияланып отырады.
Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады:
-
конкурсқа тіркелу;
-
кәсіпкерлік негіздерінен қысқа оқыту;
-
бизнес-жоспар дайындау және тапсыру;
-
комиссия алдында жобаны қорғау.
«ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры
Даму қоры — Қазақстандағы шағын және орта бизнесті қолдайтын мемлекеттік қор.
Қор кәсіпкерлерге тікелей грант бермейді, бірақ кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау құралдары бойынша консультация береді.
Негізгі бағыттары:
-
банктен алынатын несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау;
-
бизнеске кепілдік беру (залог жеткіліксіз болса қолдау көрсету);
-
жеңілдетілген несие бағдарламалары;
-
кәсіпкерлерге оқыту және кеңес беру.
Бағдарламаға қатысу үшін нақты бизнес-жоба және банктер арқылы өтінім беру қажет. Қолдау көлемі әр жобаның шартына байланысты болады.