Қарағандыдағы екінші саябақ көліне жаңа құстар қоныстандырылды
Қарағанды қаласының Мәдениет және демалыс саябақтары басқармасы екінші саябақ көліне жаңа құстардың әкелінгенін жариялады, деп хабарлайды Ait Media. Жергілікті хайуанаттар бағынан арнайы жеткізілген құстар су айдынының табиғи экожүйесін толықтырады.
Жаңа мекенде 3 пеликан, 6 ақ қаз және 2 аққу орналастырылды. Бұл құстар қала тұрғындары үшін саябақ аумағын одан әрі көріктендіріп, табиғатпен жақын байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта құстар жаңа ортаға бейімделу кезеңінен өтуде. Мамандардың айтуынша, мекеннің ауысуы және жаңа жағдайға бейімделу жануарлар үшін уақытша стресс тудыруы мүмкін. Осыған байланысты олар арнайы бақылауда ұсталып отыр.
Саябақ әкімшілігі қала тұрғындары мен қонақтарынан құстарға құрметпен қарап, оларды мазаламауды сұрайды. Сондай-ақ құстарды нанмен немесе өзге де жарамсыз тағамдармен қоректендіруге қатаң тыйым салынады. Дұрыс емес азықтандыру олардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Мамандар құстардың бейімделу кезеңі жақын арада аяқталып, олар жаңа ортада еркін әрі қауіпсіз сезінетініне сенім білдіреді.
Қарағанды қаласының Мәдениет және демалыс саябақтары басқармасы тұрғындарға табиғатты қорғауға және саябақтағы жануарларға ұқыпты қарауға шақырады.