Кафедегі жанжал: ер адам қызға шабуылдап, итті тепкен
Әлеуметтік желілерде 3 сәуір күні кафеде итке қатысты болған оқиға қызу талқылануда, деп хабарлайды Ait Media.
Видеода қыз өзіне тиесілі Дэнди есімді итпен бірге жаңа ашылған кафеге кіргенін айтады. Оның сөзінше, иті қарғыбауда болған және өзінен бір метр қашықтықта тұрған.
Қыздың айтуынша, кенеттен қараусыз жүрген кішкентай бала итке қарай жүгіріп келген. Ит шошып, үріп жіберген. Осыдан кейін баланың анасы наразылық білдіріп, ал мекеме әкімшілігі қыздан орнын ауыстыруды сұраған.
Кейінірек жағдайға баланың әкесі араласқан. Видео авторының сөзінше, ер адам алдымен дөрекі сөйлеп, кейін көшеде қызды қуып жетіп, қолынан тартып, тіпті итті теуіп жіберген.
«Дэндидің қатты қыңсылағанын естіп, оның итімді тепкенін түсіндім», — дейді иттің иесі Ясмин.
Оқиғадан кейін ер адамның өзі полицияға жүгінген. Қыздың айтуынша, ер адам итті дұрыс серуендетпеді деп шағым түсірген. Алайда учаскелік инспектор иттің қарғыбауда болғанын, ешкімге шабуыл жасамағанын және оған тұмылдырық тағу міндетті емес екенін айтып, бұл шағымды күшін жойған.
Өз кезегінде қыз ер адамды өзіне күш қолданды және жануарға қатыгездік танытты деп жауапкершілікке тартпақ болған. Бірақ денесінде жарақат белгілері болмағандықтан, іс жалғасын таппаған.
Бұл жағдайға қатысты Air Astana компаниясы да пікір білдірді:
«Бұл жағдайға өкінеміз. Аталған оқиға қызметкердің жұмыс міндеттерін орындауымен байланысты болмағандықтан, компания оның жұмыс уақытынан тыс әрекеттері үшін жауапкершілік көтере алмайды».
Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі қызды қолдап, ер адамның әрекетін сынға алса, енді бірі қоғамдық орындарда ит иелері қауіпсіздік шараларын күшейтуі керек деп санайды.
Кейбір пікір қалдырушылар мұндай жағдайлардан кейін адамдар үй жануарларын адам аз жерлерде серуендетуді жөн көретінін айтады:
«Бала туралы бәрі ұмытып кетті ме? Ол қорқып қалды ғой, бұл жағдай оның есінде өмір бойы қалуы мүмкін. Енді ол иттерден қорқып жүруі ықтимал. Ит иесі осыны ойлады ма?»
«Кейбіреулер ит балаға шабуыл жасады деп жазып жатыр, ал бұл жерде қыз жағдайды өзіне ыңғайлап бұрмалап отыр»
«Ата-аналарға үлкен сұрақ бар. Анасы бір жақта, бала бір жақта. Иә, ит үрді, иә, бала қорықты. Бірақ! Бұл әйелге қол көтеруге де, итті тебуге де себеп емес»
Видео авторы бұл жағдайдың түп-төркіні жануарларда емес, адамдардың агрессиясында деп есептейді:
«Жануарлар қорқынышқа жауап береді. Ал адамдардың агрессиясы — шын мәнінде қауіпті», — дейді ол.
View on Threads
View on Threads