Депутат Ермұрат Бапи: «Шалқып, керемет жағдайда тұрып жатырмыз деп айта алмаймын»
Бүгін, 1 сәуірде өткен Мәжіліс отырысына дейінгі сұхбатта депутат Ермұрат Бапи депутаттарға мемлекет тарапынан жасалатын жағдай туралы айтып берді, деп хабарлайды Ait Media. Ол өз тәжірибесімен бөлісіп, қызметтік үй, көлік және ем алу тәртібі туралы нақты айтып берді.
Депутаттарға мемлекет тарапынан сый ретінде жалпы қандай жағдай жасалады деген сұраққа Ермұрат Бапи былай деді:
«Көлік жоқ. Көлікті звондап шақыртып алдық. Азық-түлікті өзіміз сатып аламыз. Қызметтік үй бар, бірақ коммуналдық және тағы басқа төлемдерді өзің төлейсің. Ем алу бойынша УДП клиникасында тіркелеміз. Депутаттар сол жерде емделеді».
Мемлекеттен берілген үй жағдайына қанағаттанасыз ба деген сұраққа депутат өз ойымен бөлісті. Ермұрат Бапи үйдегі жиһаздың жай-күйін сипаттап, олардың ескіріп жатқанын айтты:
«Үй 25 жыл бұрын салынған, тарихын білдім. Қазірдің өзінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қызметтік үйдің ішінде жиһазы бар, бірақ оның өзі әбден тозығы жеткен. Жиһаздық қағаздармен қаптап қойған, оның кейбір жерлері жыртылып жатыр. Оны өз күшімізбен жамап-жасқап, әйтеуір тұрып жатырмыз».
Депутат сонымен қатар жасалған жағдайдың қарапайым, қатты шалқып тұратын деңгейде емес екендігімен бөлісті:
«Шалқып бір керемет жағдайда тұрып жатырмыз деп айта алмаймын. Үш бөлмелі, 100 шаршы метрдің төңірегіндегі пәтер. Асып бара жатқан ештеңесі жоқ, кәдімгі қарапайым пәтер. Жаңадан салынып, жарқыраған тұрғын үй кешеніндегі пәтерлермен салыстыруға келмейді».
Депутат сондай-ақ депутаттарға жақсырақ үй беру мәселесіне қатысты пікірін айтып, ондай қадамның қажеті жоқ екенін, және осындай талап қоюға депутаттардың құқығы жоқ деп есептейтінін жеткізді.
«Жоқ, қажеті жоқ. Ондайға мемлекеттің мүмкіндігі де жоқ, қазіргі қаражат тапшылығы жағдайында. Оның үстіне депутаттар ондай талап қоя алмайды, қоюға хақысы да жоқ деп ойлаймын. Себебі, елдегі жалпы әлеуметтік тұрмыстық жағдайымен санасу керек».