Бурабайда биімен елді сүйсіндірген құрылысшыға тосынсый жасалды
Әлеуметтік желіде биімен танымал болған құрылысшыға видео авторы Бурабайдағы демалыс орнына жолдама сыйлады, деп хабарлайды Ait Media.
Еске сала кетейік, бұған дейін Бурабайда түсірілген видеода құрылысшы тойдан шыққан әуенге билеп, көпшіліктің ықыласына бөленген еді. Оның шынайы эмоциясы мен көңілді биі желі қолданушыларын тәнті етіп, бейнежазба кеңінен таралған.
Қазіргі таңда видео 9 миллионнан астам қаралым жинаған.
Кейін желі қолданушыларының көмегімен бейне кейіпкері табылып, оның есімі Қанат екені белгілі болды. Видео авторы Зарина құрылысшымен бейнеқоңырау арқылы байланысқа шығып, бұл сәтті әлеуметтік желідегі парақшасында да жариялаған.
Автор Заринаның айтуынша, Қанаттың бейнеден-ақ оның мейірімді әрі позитивті адам екені байқалады. Ол құрылысшыға көпшілікке қуаныш сыйлағаны үшін алғысын білдіріп, оған Бурабайдағы «Светлый дом в Боровом» демалыс орнына 2 күнге арналған жолдама тарту етті. Жолдама 4 адамға есептелген.
Өз кезегінде Қанат қуанышын жасыра алмай, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Желі қолданушылары бұл жаңалықты қуанышпен қабылдап, жылы пікірлерін жаудырды. Көпшілік Қанатты «өте позитивті, қарапайым жігіт» деп атап, оған мұндай сыйлықтың лайық екенін жазуда. «Осындай жақсы адамдар көп болсын», «Жастарға қуаныш сыйлағандарыңыз үшін рахмет» деген пікірлер жиі кездеседі. Кейбірі әзілмен Қанаттың енді Бурабайда да би билеп, демалып қайтатынын жазуда. Сонымен қатар, қолданушылар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, жасаған жақсылықтары еселеніп қайтсын деген тілектерін білдірген.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта Қанаттың Бурабайдағы демалысынан бейнежазба жарияланатынын да атап өтті.