Аягөздік оқушы пластик қалдықтарынан эко-асфальт жасап шығарды
Аягөз қаласындағы №10 қазақ мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Аружан Қабдұлмаратова пластик қалдықтарын қайта өңдеу арқылы жол жабынын дайындаудың тиімді әдісін ұсынды, деп хабарлайды Ait Media. Бұл туралы Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жариялады.
Жас зерттеуші бұл жобамен 7-сыныптан бастап айналысып келеді. Көпжылдық еңбектің нәтижесінде ол тұрмыстық пластикті арнайы өңдеп, асфальт құрамына қосу технологиясын әзірлеген. Бұл әдіс жол жабынының беріктігін арттырып, оның қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.
Мамандардың бағалауынша, мұндай жолдар орта есеппен 12–18 жылға дейін жөндеуді қажет етпейді. Ал сапасы жоғары нұсқалары 20–25 жылға дейін қызмет ете алады. Сонымен қатар эко-асфальт дәстүрлі материалдарға қарағанда үнемдірек.


Жобаның тағы бір ерекшелігі — жол сапасын бақылауды автоматтандыру. Келесі кезеңде Аружан Қабдұлмаратова автономды роботтар жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Оның айтуынша, «А» роботы жолдағы ақауларды анықтаса, «В» роботы оларды жедел түрде жөндейді. Бұл тәсіл уақытты үнемдеп, шығынды азайтуға мүмкіндік береді.

Жобаның негізгі мақсаты — пластик қалдықтарын тиімді пайдалану арқылы қоршаған ортаны қорғау және жол құрылысына инновациялық шешімдер енгізу. Осылайша, «Эко-асфальт» жобасы өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға үлес қосады.