Атырауда жаңбырдан кейін 9 мыңнан астам үй жарықсыз қалды
Ақ Жайық мәліметіне сәйкес, Атырау қаласында қатты жаңбыр салдарынан 9 300-ден астам үй жарықсыз қалды, деп хабарлайды Ait Media.
Қай аудандарда жарық өшті
Қала әкімдігінің мәліметінше, бірқатар қосалқы станцияларда апатты жағдайлар тіркелген. Соның салдарынан кей аудандарда электр энергиясы өшіп, қайта қосылып отырған.
Уақытша жарықсыз қалған көшелер қатарында: Қызғалдақ, Ақжайлау, Жолашар, Жұбанова, Мечникова, Адырас, Керейхан, Келешек, Ақтамберді-Жырау, Станционная, Құспан-Молла, Бекқалиев, Мақатаева, Боран Нысанбаева және Нәжімеденов бар.
Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Еркеназ Қалижанның айтуынша, 10 кВ желісінде апат болып, жөндеу бригадалары шұғыл қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Себебі неде
«Атырау Жарық» ЖШС мәліметінше, апаттың негізгі себебі – ауа райы. Жаңбырдан кейін электр желілеріндегі изоляторларда жиналған шаң мен ластану суға араласып, ток өткізетін қабатқа айналған.
Соның нәтижесінде изолятор бетімен ток өтіп, электр доғасы пайда болған. Бұл өз кезегінде қысқа тұйықталуларға және желілердің апатты түрде сөнуіне әкелген.
Жарық қашан қосылады
Қазіргі уақытта мамандар изоляторларды тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кәсіпорын мәліметінше, апатты жоюға 10 авариялық бригада мен арнайы техника жұмылдырылған, жұмыстар тәулік бойы жалғасуда.
Қала билігі жағдайдың бақылауда екенін, электр энергиясы біртіндеп қалпына келтіріліп жатқанын хабарлады.