Астанадағы дәретханада әдепсіз видео түсірген екі жігіт 5 тәулікке қамалды
Астанада TikTok желісіне қоғамдық дәретханада түсірілген видео жариялаған екі азамат 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Ait Media. Бұл туралы Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты мәлімдеді.
Сот мәліметінше, Ш. және Н. есімді азаматтар қоғамдық дәретханадағы әйнектің автоматты күңгірттену функциясын әдейі қоспаған. Олар дәретхананы пайдаланып отырғандай әрекет жасап, оны айналадағы адамдарға көрсетіп видеоға түсірген.
Сонымен қатар ер адамдар қоғамдық орында балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Олардың әрекеті әлеуметтік желіде кең тарап, қоғамда қызу талқыға түскен.
Сотта құқық бұзушылар өз кінәларын толық мойындаған. Іс материалдары бейнежазбамен, инспектор рапортымен және әкімшілік хаттамамен расталған.
Соттың мәліметінше, видео қоғамда қоғамдық инфрақұрылым нысанына қатысты теріс пікір қалыптастырып, жергілікті атқарушы органдардың беделіне әсер еткен.
Аталған факі бойынша азаматтарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі бойынша айып тағылған. Бұл бапта 20 АЕК көлемінде айыппұл, 5-тен 15 тәулікке дейін қамау немесе қоғамдық жұмыстар қарастырылған.
Сот қаулысымен екі азамат та кінәлі деп танылып, әрқайсысы 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.