«Алып қашу» туралы ЖИ-мультфильм желіде қызу талқылануда
Жас автор әрі режиссер Айя есімді қазақстандық контент жасаушы «алып қашу» тақырыбындағы қысқаметражды ЖИ-мультфильмін жариялап, Threads желісінде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Ait Media. Небәрі бір күн ішінде видео 20 мыңнан астам лайк жинаған.
Автор қазақстандық тақырыптарға қызығушылықтың аз болатынына қынжылғанын жасырмады.
«Егер бұл жапон немесе қытай оқиғасы болса, қаралым әлдеқайда көп болар ма еді. Ал қазақы оқиғаларға келгенде неге қызығушылық аз? Тақырып тым ыңғайсыз ба, әлде мультфильм нашар ма?» — деп ой бөлісті режиссер.
Автор мультфильм арқылы қоғамдағы ауыр әрі көпшілік ашық айта бермейтін мәселелерді көтеруді мақсат еткенін айтты.
«Мен — ЖИ-мультфильмдердің авторы және режиссерімін. Көпшілік үнсіз қалатын оқиғаларды мультфильмге айналдырамын. Әйелдер, еркіндік, ауырсыну, таңдау, дәстүр мен үміт туралы хикаяларды баяндаймын. Бұл оқиғалардың дауысы болмайынша, мен оларды айтуды жалғастырамын», — деп жазды ол.
View on Threads
Видео желі қолданушылары арасында үлкен эмоция тудырды. Көпшілік мультфильмнің атмосферасын, музыкасын және көтерген тақырыбын жоғары бағалаған.
«Өте әсерлі шыққан», «Триллер сияқты атмосфера береді», «Керемет түсірілім», «Жаныңды ауыртады», «Үлкен экрандардан көреміз деп сенеміз» деген пікірлер жазылған.
Кейбір қолданушылар «алып қашу» дәстүрінің тарихи мағынасы туралы да пікір білдірді. Олардың айтуынша, бұрын мұндай жағдайлар екі жастың келісімімен болғанын, ал қазіргі қоғамда бұл ұғымның бұрмаланып кеткенін атап өтті.
Мультфильм Орталық Азия елдерінің де назарын аударған. Пікірлер арасында қырғызстандық қолданушылар қолдау білдіріп, ортақ мәдениет пен ортақ ауырсыну туралы жазған.