«Алтай» – «Ордабасы» ойынынан кейін жанкүйерлер арасындағы жағдайға полиция араласты
Өскемен қаласындағы «Восток Арена» стадионында Қазақстан Премьер-лигасының 9-турындағы «Алтай» мен шымкенттік «Ордабасы» командалары кездесіп, ойын тең нәтижемен аяқталды, деп хабарлайды Ait Media Halyqstan сілтеме жасап.
Айта кетейік, матч алдындағы турнирлік жағдайға сай «Ордабасы» екінші орында болса, «Алтай» соңғы сатыда тұрған. Соған қарамастан ойын тартысты өтті.
Матч аяқталғаннан кейін стадионда жанкүйерлер арасында жанжал туындады. Куәгерлердің айтуынша, «Алтай» жанкүйерлері «Ордабасы» фан-секторы аумағына кіріп, арандатушылық әрекеттер жасаған. Бұдан кейін екі тарап арасында сөзге келу болып, жағдай ушыққан.
Оқиғаға полиция қызметкерлері жедел араласып, жанжалдың әрі қарай өршуіне жол бермеді.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің хабарлауынша:
«Футбол матчы кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында Өскемен қаласында «Алтай» және «Ордабасы» жанкүйерлері арасында туындаған жанжал полиция қызметкерлері тарапынан дер кезінде тоқтатылды. Бір жанкүйер қонақ команда өкілдерімен сөзге келіп қалған. Полиция қызметкері жағдайды бақылауға алып, арандатушыны анықтап, тиісті шара қабылдады. Азаматпен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол берілген жоқ,» — делінген ресми хабарламада.