Алматыда 12 жастағы бала пышақ жарақатынан қаза тапты
Алматыда 12 жастағы жасөспірім қатарласының қолынан пышақ жарақатынан көз жұмды. Қайғылы оқиға 10 маусым күні қаланың Түрксіб ауданында болған, деп хабарлайды Ait Media.
Марқұмның туыстары әлеуметтік желіде оқиға туралы жазып, баланың тоғыз жерінен пышақталғанын мәлімдеді. Олар күдіктілердің жасына байланысты тиісті жаза алмай қалуынан қауіптенетінін айтып, істің қоғам назарында болуын сұрады.
«Кеше кешке 12 жастағы жиенімді өлтіріп кетті. 13 жастағы екі жасөспірім оған 9 жерден пышақ жарақатын салған. Бұл істің резонансқа айналуына көмектесіңіздер, кінәлілер жазасын алсын», – деп жазды марқұмның туысы.
View on Threads
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, кәмелетке толмаған баланың өлімі бойынша күдікті ретінде Алматы қаласының 13 жастағы тұрғыны ұсталған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, жарақаттар кәмелетке толмағандар арасында туындаған жанжал кезінде салынған. Қазіргі уақытта күдікті арнайы мекемеге орналастырылды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде», – деп хабарлады полиция.
Сондай-ақ тергеу нәтижесіне қарай күдіктінің ата-анасын баланы тиісінше тәрбиелемегені үшін жауапкершілікке тарту мәселесі қаралатыны айтылды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.