АҚШ-та қазақ жастары құрған AI-стартап 36 сағатта 21,5 млн доллар инвестиция тартты
Қазақстаннан шыққан мамандар негізін қалаған Nace.AI стартапы халықаралық инвесторлардың сеніміне ие болып, небәрі 36 сағат ішінде 21,5 миллион доллар инвестиция тартты, деп хабарлайды Ait Media. Nace.AI баспасөз хабарламасына сәйкес, инвестициялық раундты Кремний алқабындағы ірі қорлардың бірі – General Catalyst басқарып, қомақты қаржы ұсынды.
Қаржыландыру келісімі қысқа уақытта жабылғанымен, бұл жетістікке жету жолы оңай болмаған. Команда екі ай ішінде 42 кездесу өткізіп, 41 рет бас тартуға қарамастан, табандылық танытқан.
Nace.AI бас директоры Дос Бақытжанның айтуынша, жоба уақытша трендке емес, нақты нәтижеге бағытталған:
– Біз 41 рет “жоқ” деген жауап алдық. Тек бір ғана кездесу оң нәтижемен аяқталып, небәрі 36 сағат ішінде раундты жаптық. Біз өткінші хайп қуатын жоба емес, нақты нәтиже беретін, күрделі мәселелерді шешетін жасанды интеллект жасап жатырмыз, – деді ол.
Стартап корпоративтік секторға арналған жасанды интеллект модельдерін әзірлейді. Компания жалпыға ортақ шешімдерден гөрі нақты бизнес-процестерге бейімделген AI жүйелеріне басымдық береді.
Nace.AI-дың алғашқы өнімі – қаржылық аудит жүргізетін AI-агент. Ол үлкен көлемдегі құжаттарды талдап, тәуекелдерді анықтап, транзакцияларды тексеріп, инвесторларға есеп дайындайды. Компания мәліметінше, бұл технология жұмыс процесін 20 есеге дейін жылдамдатады.
Жобаның командасы тәжірибелі мамандардан құралған. Дос Бақытжан бұған дейін 10 миллионнан астам қолданушысы бар GOAT.AI жобасын жасап, оны 2025 жылы шетелдік компанияға сатқан. Ал техникалық директор Жәнібек Датбаев Meta AI-да жұмыс істеп, модельдерді үйрету инфрақұрылымын дамытуға үлес қосқан. Ғылыми жетекші Әбілқайыр Сапаров – АҚШ-тағы беделді университеттердің түлегі және deep learning саласындағы профессор.
Компания бастапқыдан АҚШ нарығына бағыт алып, қазіргі таңда Кремний алқабында белсенді дамып келеді. Тартылған инвестиция команданы кеңейтуге, инфрақұрылымды күшейтуге және деректермен жұмысты дамытуға жұмсалмақ.
Алдағы уақытта Nace.AI кәсіпорындардың операциялық процестерін автоматтандыратын жаңа шешімдерді ұсынуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар стартап Қазақстанның түкпір-түкпірінен талантты мамандарды жұмысқа шақыруда. Мүмкіндік іздеген жастар келесі сілтеме арқылы өтініш бере алады: https://nace.ai/careers-kz