USD 0.00
489.33
EUR 0.00
566.30
RUB 0.00
6.74
CNY 0.00
72.36

АҚШ-қа көшкен Нұртас Адамбайдың басы тағы да дауға қалды

8cd6e3f3-d801-4c78-b8c6-61d667e584e0
Фото: forbes.kz

Қазақстандық актер әрі режиссер Нұртас Адамбайдың АҚШ-та тұрып жатқаны туралы мәлімдемесі әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырды, деп хабарлайды Ait Media.

Жуырда ағылшын тілі мектебі жариялаған видеода «Келинка Сабина» фильмі арқылы танылған актер соңғы бір жарым жылда АҚШ-та тұрып, білім алып жүргенін айтты. Оның сөзінше, бұл кезеңде ағылшын тілін меңгеріп, жазушылықпен айналыса бастаған. Сондай-ақ атасы, жазушы Балтабай Адамбаевтың жолын жалғастырып, кітап жазып жатқанын жеткізді.

Алайда бұл жаңалық көпшіліктің әртүрлі реакциясын тудырды. Бірқатар желі қолданушылары актерге қолдау білдіріп, жаңа бастамаларына сәттілік тілесе, енді бірі оның бұрынғы көзқарастарын еске алды.

Соңғы бірнеше жылда Нұртас Адамбай әлеуметтік желілерде дәстүрлі құндылықтар, дін және ЛГБТ тақырыптарына қатысты пікірлерімен жиі танылған болатын. Ол бірнеше рет Голливуд фильмдеріндегі ЛГБТ кейіпкерлерін сынап, мұндай контенттің балаларға көрсетілуіне қарсы шыққан.

Осыған байланысты кейбір қолданушылар актердің АҚШ-қа көшуін қызу талқылады. Пікір жазушылардың бір бөлігі оның бұрынғы мәлімдемелері мен қазіргі таңдауы арасында қайшылық бар екенін алға тартты. Әсіресе АҚШ-та біржынысты некелердің заңдастырылғанын еске салған пікірлер көп болды.

Адамбай өз мәлімдемесінде өзі туралы жағымсыз пікір жазғандарға жауап берді.

«Мен туралы теріс пікір жазды деп ойлаған адамдардың барлығынан кешірім сұраймын. Сендерге ашуланып, ренжіп, жаман ойлап, жамандық тілегенім үшін кешірім өтінемін. Бұл – менің ақымақтығым болды. Мен өзгелерді айыптайтын, олар туралы жаман ойлайтын ақымақпын. Басқа адамдарды сынайтынымды, олардың кемшілігін іздейтінімді, өсек айтатынымды, өзгенің жетістігіне қуана алмайтынымды, біреудің басына қиындық түскенде ішімнен қуанатынымды, басқа адамдарға қызғанышпен қарайтынымды түсінуге көмектескендеріңіз үшін рақмет. Рақмет!» – деп жазды ол.

Screenshot 2026-06-11 100911

Құран аяттарын жариялағаны үшін жаза

2024 жылы Нұртас Адамбай әлеуметтік желідегі жазбасына байланысты сотқа тартылған еді. Астана қаласының Дін істері басқармасы актердің Instagram парақшасында Құран аяттарының аудармасын жариялауын заң бұзушылық деп танып, оған қатысты әкімшілік іс қозғады. Адамбайдың өзі бұл туралы әлеуметтік желіде хабарлап, өзіне қарсы сотқа талап арыз түскенін айтқан болатын.

Кейін Астана соты актерді діни мазмұндағы материалдарды тарату талаптарын бұзды деп танып, оған 184 600 теңге көлемінде айыппұл салды. Сот мәліметінше, діни мазмұндағы материалдарды тарату заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылуы тиіс. Іс барысында Адамбай Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны немесе оның орынбасарын сотқа шақыруды сұрағанымен, бұл өтініші қанағаттандырылмады.

Өз кезегінде актер Құран аяттарының аудармасын жариялауға қатысты мұндай талаптар бар екенін білмегенін мәлімдеді. Оның сөзінше, ол Instagram-дағы жеке парақшасында Қасиетті Құранның аудармасынан үзінді келтірген.

«Шынымды айтсам, елімізде Құран аудармасын әлеуметтік желіде жариялауға болмайтынын білмедім», – деп жазған еді Адамбай.

Нұртас Адамбай ЛГБТ көріністеріне байланысты Disney-ге қарсы шықты

Нұртас Адамбай соңғы жылдары Disney компаниясының фильмдеріндегі ЛГБТ тақырыбына қатысты пікір білдіріп, оны бірнеше рет сынға алған тұлғалардың бірі ретінде танылды. Ол мұндай мазмұн балаларға арналған контентте болмауы керек деген ой айтқан.

2022 жылы ол «Базз Лайтер» мультфильміне қатысты пікір білдіріп, ондағы ЛГБТ көріністеріне байланысты оның Қазақстанда прокаттан алынуын қолдаған. Кейін бұл мультфильм Қазақстан кинотеатрларында кеңінен көрсетілмей, прокат кестесінен алынып тасталды.

Сол кезеңде Нұртас Адамбай «Тор: Махаббат пен найзағай» фильміне қатысты да пікір айтып, ондағы ЛГБТ элементтеріне қарсы шыққан. Бұл да қоғамда қызу талқыланып, әртүрлі көзқарас туғызды.

Көпшілік алдында кешірім сұрауы

2024 жылдың жазында Адамбай әлеуметтік желіде бұрын сын айтқан адамдардан кешірім сұрады. Ол Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовқа, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Ресей президенті Владимир Путинге, Беларусь президенті Александр Лукашенкоға және музыкант Андрей Макаревичке қатысты бұрынғы пікірлері үшін өкініш білдірді.

Сондай-ақ ол әлеуметтік желілерде өзімен пікірталасқа түскен қолданушылардан да кешірім сұрап, адамдарды айыптау мен сынаудың қате екенін жазды.

Андрей Макаревичтің концертіне қатысты дау

Келесі жылы Нұртас Адамбай Қазақстанда рок-музыкант Андрей Макаревичтің концертіне қарсы шықты. Ол әртіс Израиль армиясын қолдайды және «мұсылмандардың өліміне қатысты» деген пікір білдіріп, сондықтан оның концерті елде өтпеуі керек деп есептеген.

Сондай-ақ Адамбай Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың мұсылмандарға қатысты айтқан сөзіне де наразы болған. Депутат «алаяқтық істердің 80%-ын намаз оқитын адамдар жасайды» деген пікір айтқан еді.

Кейін Нұртас Адамбай өзінің бұрынғы айтқан сөздері үшін кешірім сұрап, өмірде және әлеуметтік желілерде пікір қайшылығы болған адамдардан да кешірім өтінген.

Нұртас Адамбай жекпе-жек спорт түрлеріне қарсы пікір білдірді

2023 жылы Нұртас Адамбай әлеуметтік желілерде және сұхбаттарында бокс, ММА және басқа да жекпе-жек спорт түрлеріне қатысты сыни пікір айтқан. Оның айтуынша, мұндай спорт түрлері қоғамда агрессияны күшейтуі мүмкін және балаларға теріс әсер етеді.

Актер интернеттегі жазбаларында адамдардың бір-біріне соққы жасап, жекпе-жек көріністерінің көптеп таралуы оны алаңдататынын айтқан. Ол мұндай көріністерді спорт залдарында ғана емес, тіпті жарыстар мен бұқаралық іс-шараларда да көруге болатынын атап өткен. Адамбайдың пікірінше, бокс, ММА және UFC сияқты спорт түрлері адамдарды зорлыққа бейімдеуі мүмкін. Сол себепті ол бұл бағыттағы спорт түрлеріне қайта қарау керек деген ой білдірген.

Оның бұл мәлімдемесі қоғамда қызу талқыланып, бір бөлігі қолдаса, енді бір бөлігі спорт еркіндігін шектеу дұрыс емес екенін айтқан.

Поделиться