17 жастағы жігіт пен Меркілік келіннің тойы желіде талқыға түсті
Әлеуметтік желілерде Меркі өңірінде 17 жастағы жігіттің үйлену тойы туралы видео кең таралып, қоғам арасында қызу пікірталас тудырды, деп хабарлайды Ait Media. Кадрларда мерекелік атмосфера, жиналған қонақтар, би билеп, жас жұпты құттықтап жатқан сәттер көрінеді.
Автордың пікірінше, адамның жасы оның қаншалықты ересек немесе керісінше әлі бала екенін толық анықтамайды. Кейбір адамдар 17 жасында-ақ жауапкершілікті болып, отбасын құруға дайын болса, ал кейбірі 30–40 жаста да жетілмеген күйде қалуы мүмкін. Бәрі жасқа емес, адамның санасына, жауапкершілігіне және өз ісіне жауап бере алу деңгейіне байланысты.
Видеода «Меркеліктер, осындасыздар ма?» деп жазған, бұл да желі қолданушыларының назарын аударды.
Жазба жарияланғаннан кейін видео тез тарап, пікірлер екіге бөлінді. Бір бөлігі ерте некеге қарсы шығып, 17 жастағы жасөспірімнің отбасын құруға әлі дайын емес екенін айтса, екінші бөлігі жас жұпқа бақыт тілеп, мұндай шешім әр отбасының жеке таңдауы екенін қолдады.
Бір топ ерте некеге қарсы шығып, 17 жаста отбасы құруға әлі ерте екенін атап өтеді: «17 жаста ол әлі бала, жауапкершілікке дайын емес», «алдымен оқу керек, кейін ғана отбасы», «мұндай шешім ұзаққа бармайды» деген пікірлер жиі жазылған. Ал екінші тарап керісінше қолдау білдіріп, жас болса да махаббат пен отбасының маңызын алға тартады: «Ең бастысы – сүйіспеншілік пен түсіністік», «Бақыт тілейік, жас болса да жарасып тұр», «Бәрі дайындық пен ниетке байланысты» деп жазған қолданушылар да бар.