10 күн қамауда болған актер Асқар Жұмабек мәлімдеме жасады
10 күн абақтыда отырып шыққан танымал актер Асқар Жұмабек әлеуметтік желіде бейнежазба жариялап, өзіне тағылған айыптауларға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Ait Media. Оның айтуынша, жәбірленуші оқиғаны толық әрі шынайы жеткізбеген.
Естеріңізге сала кетсек, жақында түсірілім алдында даулы жағдай орын алып, модель Айнұр Нарзиева Threads әлеуметтік желісінде актердің физикалық күш көрсетпек болғаны туралы мәлімдеме жасаған еді.

Айнұрдың айтуынша, оқиға 20 наурызда таңғы уақытта болған. Сол күні сағат 10:00-ге түсірілім жоспарланған. Актер бұған дейін бірнеше рет жұмысқа кешігіп немесе мүлдем келмей, түсірілімді үзіп келгендіктен, өзі Айнұрдан таңертең оятуды өтінген.
Сағат 08:30-дан бастап Айнұр актерге қоңырау шалып оятуға тырысқан. 09:18-де қайта хабарласып, оның ұйықтап қалмағанына көз жеткізген. Сағат 09:55-те Асқар Жұмабек түсірілім алаңына келіп, Айнұрға «тым ерте ояттың» деп агрессивті түрде наразылық білдіре бастаған.
Нәтижесінде Аскар Жұмабек 10 күнге бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеді. Кейін актер өз парақшасына видео жариялап, жағдайға қатысты өз пікірін білдірді:
«Мені он тәулікке не үшін жапты? Боқтағаным үшін емес, қоғамдық ортада тәтіп бұзды деп он тәулікке бас бостандығымнан айырды. Мен жалғыз өзім қоғамдық ортада тәртіп бұзған екенмін. Фото студияға кіріп, өзіммен өзім ұрсысып, қабырғаларды боқтап, адамдардың мазасын қашырып, жалғыз өзім тәртіп бұзыппын», – деп актер сарказммен жауап қатты.
Асқар Жұмабек жағдайдың әдейі бұрмаланып, қоғамға басқа қырынан ұсынылғанын атап өтті. Сондай-ақ, өз тәрбиесіне сүйене отырып, әйелге қол көтеру оның қағидатына қайшы екенін жеткізді:
«Әйелге қол көтеру – менің қағидамда жоқ. Маған тағылған айыптар негізсіз», – деді ол.
Оның айтуынша, сотта судьяның өзі «Асқар, резонанс болып кетті, сол үшін сізді он тәулікке бас бостандығыңыздан айыруға тура келіп тұр», – деп айтқан. Әйтпесе, айыппұлмен де құтылуға болатын көрінеді.
Сөз соңында актер өзінен халық алдында кешірім сұрау талап етіліп жатқанын айтып, оған негіз жоқ екенін жеткізді:
«Маған «халық алдында кешірім сұра» деп жатыр. Бірақ не үшін? Мен ешкімді ұрған жоқпын, қорлаған жоқпын, халыққа өтірік ақпарат таратқан жоқпын. Сондықтан себеп жоқ. Мен айтқан сөздерімнің бәріне жауап беремін. Бір грамм да өтірік жоқ. Өтірікті мүлде жек көремін», — деп қорытындылады Жұмабек.
Актер өз мәлімдемесінде айтқан сөздерінің барлығына жауап беретінін атап өтті.