USD 0.00
456.88
EUR 0.00
534.64
RUB 0.00
5.47
CNY 0.00
67.98
Новости

Ұлдана Мырзуанның ісі: адвокат әлі ешкімнің кешірім сұрамағанын айтты

Снимок экрана 2026-08-18 в 16.42.45
Фото: Улдана Мырзуан. Фото: instagram.com/rustemova_aliya

Астанада қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды, адвокат Нұрсұлтан Орынбек жәбірленуші тараптың сотқа дейінгі тергеу нәтижесіне көңілі толатынын айтты, деп хабарлайды Ait Media.

Адвокаттың сөзінше, жәбірленуші тарап істің материалдарымен танысқан. Қазір істің барлық мән-жайын сот анықтауы тиіс.

“Біз сотқа дейінгі тергеумен толық таныстық. Тергеу көңілімізден шықты. Қазір істі сот қарайды. Әрі қарай мәселенің анық-қанығын сот анықтайды”, – деді Нұрсұлтан Орынбек.

Оның айтуынша, қазір жәбірленуші тарап әділдікке қол жеткізу үшін сот отырысына қатысуға дайындалып жатыр.

“Жақынын жоғалту оңай емес. Алайда соған қарамастан, әділдікке қол жеткізу үшін сотқа келіп отырмыз”, – деп атап өтті адвокат.

Нұрсұлтан Орынбек жәбірленушілер қатарында Ұлдананың анасы мен бұрынғы жұбайы, оқиға кезінде жарақат алған азаматтар, сондай-ақ сол күні көмек көрсеткен адамдар бар екенін жеткізді.

Адвокаттың мәліметінше, осы уақытқа дейін жәбірленуші тараптан ешкім кешірім сұрамаған. Соған қарамастан, отбасы диалогқа ашық екенін хабарлады.

“Әзірге ешкім кешірім сұрап, анасының алдынан өткен жоқ. Десе де, біз әлі түсінісуге әзірміз”, – деді ол.

Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы тоғыз қабатты үйдің қаптамасы құлап, бес адам зардап шеккен болатын. Оқиға орнына жедел жәрдем құрамында барған 23 жастағы Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алып, 18 қарашада ауруханада қайтыс болды.

Оқиғадан кейін полиция Қылмыстық кодекстің 278-бабы (Сапасыз құрылыс) бойынша қылмыстық іс қозғаған. Кейін іске 306-бап (Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету) қосылған.

2026 жылғы шілденің соңында іс прокуратураға жолданғаны мәлім болды.

Поделиться